Бұл туралы лига өкілдері RAF Moscow турнирі алдындағы баспасөз мәслихатында ресми түрде мәлімдеді. RAF алдағы уақытта Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан және Қытайда да өз жарыстарын өткізуді көздеп отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық нарыққа шығу әлемнің үздік балуандарына жаһандық деңгейде бақ сынауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жанкүйерлерге әлемдік жұлдыздардың қатысуымен ірі спорттық шоулар ұсынылады.

Қазақстандық спортшылар да Real American Freestyle лигасында өнер көрсетіп жүр. Олардың қатарында еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, сондай-ақ танымал ММА файтерлері Асу Алмабаев пен Қуат Хамитов бар.

RAF турнирлеріне әлемдік ММА және UFC жұлдыздары да қатысады. Олардың қатарында UFC чемпионы Мераб Двалишвили, бұрынғы чемпион Хамзат Чимаев, сондай-ақ Арман Царукян және басқа да танымал файтерлер бар.

Айта кетейік, RAF АҚШ-тан тыс жерде бұған дейін Грузияның Тбилиси қаласында ірі турнир өткізді. Сонымен қатар лига Ресейдің Мәскеу қаласында да ауқымды шоу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Осылайша, Қазақстан Real American Freestyle лигасының халықаралық дамуындағы маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін.