Ислам Махачевтен жеңіліп, UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуін иелене алмаған Йен Мачадо Гэрри реванш туралы пікір білдірді.
Ирландиялық файтердің айтуынша, алғашқы жекпе-жектен кейін ол өз қателіктерін түсінген және Махачевпен қайта кездессе, нәтижені өзгерте алатынына сенімді.
«Мен өзімді, командамды және дайындығымызды мақтан тұтамын. Әрине, нәтиже көңілімнен шықпады, бірақ бұл — спорт. Біз қайтадан жұмысқа кірісіп, алға жылжимыз. Алдымда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, әлемдегі ең қауіпті файтерлердің бірі екенімді дәлелдеуге әлі он жыл бар.
Менің басты қателігім — белсендірек әрекет етпеуім. Аяқпен көбірек соққы жасап, басына бағытталған соққыларымды қаттырақ орындауым керек еді. Бірақ онымен дәл қазір қайта төбелессем, жеңетінімді сеземін. Өзіме, командама және дайындығымызға соншалықты сенімдімін. Тіпті ертең-ақ октагонға қайта шығып, бәрін қайталағым келеді», — деді Гэрри DAZN-ге берген сұхбатында.
Дегенмен Махачев пен Гэрри арасында бірден реванш өтуі екіталай. Бірінші кездесуде Ислам төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Сондықтан Гэрри тағы бір чемпиондық мүмкіндікке қол жеткізу үшін бірнеше жеңіс жинауы қажет.
Ал Ислам Махачевтің келесі қарсыласы бразилиялық нокаутер Карлос Пратес болуы мүмкін.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!