Қазақстандық жартылай орта салмақ өкілі Қаршыға Дәуітбек кезекті жекпе-жегін Жапонияның RIZIN ұйымында өткізеді.

32 жастағы қазақстандық спортшының кәсіби ММА-дағы рекорды — 19 жеңіс және 3 жеңіліс. Оның 15 жеңісі нокаутпен аяқталған, ал соның 14-і бірінші раундта тіркелген.

Дәуітбектің басты қаруларының бірі — сол қолмен бағытталатын жойқын соққы. Қазақстандық файтер қарсыластарын бауыр тұсына дәл соққы жасауымен де бірнеше рет жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған.

Қазіргі уақытта Қаршыға RIZIN промоушенінде қатарынан бес жекпе-жекте жеңіске жетіп келеді.

10 қыркүйекте өтетін турнирде оның қарсыласы жапониялық Рен Хирамото болады. Хирамотоның ММА-дағы рекорды — 5 жеңіс, 3 жеңіліс.

Рен Хирамото Жапонияда танымал спортшылардың бірі. Ол бұған дейін K-1 ұйымында өнер көрсеткен. Ал ММА-дағы соңғы жекпе-жегінде RIZIN жұлдызы Микуру Асакураны нокаутпен жеңген.

Еске сала кетейік, турнир 10 қыркүйек күні Қазақстан уақытымен сағат 10:00-де басталады.

Осылайша, Қаршыға Дәуітбекті Жапониядағы мансабындағы маңызды кездесулердің бірі күтіп тұр.