Жартылай жеңіл салмақтағы жекпе-жек толық үш раундқа жалғасып, төрешілердің екіұдайлы шешімімен Хирамотоның жеңісімен аяқталды. Алайда жекпе-жектің нәтижесі жанкүйерлер арасында үлкен пікірталас тудырды.
Кездесуден кейін Қаршыға Дәуітбек қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, төрешілердің шешімімен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, жапон жанкүйерлері де өз спортшысының жеңілгенін мойындаған.
«Бүкіл Қазақстан бұл жекпе-жекті көрді, бүкіл Жапония да көрді. Бірақ төрешілер осындай шешім қабылдады, біз оған ештеңе істей алмаймыз. Дегенмен бүгін Жапония халқы өз спортшысының жеңілгенін мойындады», — деді Дәуітбек.
Қазақстандық файтер жекпе-жек барысында алған жарақаты туралы да айтып берді. Оның сөзінше, бірінші раундта рингтің бұрышына соққы жасаған кезде қолын сындырып алған.
«Бірінші раундта қолым сынды —қолымды рингтің бұрышына соғып алдым. Сондықтан екінші және үшінші раундтарда қолыммен толыққанды соққы жасай алмадым», — деді Қаршыға.
Соған қарамастан, Дәуітбек Хирамотомен қарымта жекпе-жек өткізгісі келетінін айтты. Қазақстандық спортшы келесі кездесуде жекпе-жекті төрешілердің шешіміне жеткізбей аяқтауға ниетті.
«Алла қаласа, реванш сұраймыз. Реваншта жеңіп, жекпе-жекті төрешілердің шешіміне жеткізбей, мерзімінен бұрын аяқтаймыз», — деді файтер.
Осылайша, Қаршыға Дәуітбек Жапониядағы даулы жеңілістен кейін Рэн Хирамотомен реванш өткізуге ниетті екенін ашық білдірді.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!