PFL бұған дейін әлемдік ММА нарығында UFC-дің басты бәсекелесі ретінде танылған еді. Промоушен позициясын Bellator ұйымын сатып алғаннан кейін де күшейте түскен. Алайда енді PFL-дің өзі жаңа құрылымның құрамына өтеді.

Ресми мәлімдемеге сәйкес, біріккен компания кәсіпқой бокс пен ММА-ды дамытуға, турнирлер ұйымдастыруға, спортшылардың мансабын дамытуға және контентті әлемдік деңгейде таратуға бағытталады. MVP жаңа ұйымның басты мақсаты спортшылардың мүддесін қорғау болатынын атап өтті.

PFL 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған турнирлерін бұрынғыдай өткізеді. Ал 2027 жылдың басына қарай промоушенді жаңа MVP құрылымына толық интеграциялау жоспарланып отыр. Осыдан кейін PFL қазіргі атауы мен форматында жұмысын тоқтатады.

Жаңа компанияның басшылығына Джейк Пол, MVP ұйымының құрылтайшысы Накиса Бидарян және PFL-дің бұрынғы басшысы Джон Мартин кіреді.

«Біз MVP-ді осы жүйені өзгерту үшін құрдық. Басты мақсатымыз — спортшыларға лайықты жалақы төлеу және олардың әлемдік жұлдызға айналуына мүмкіндік беретін заманауи платформа қалыптастыру. PFL-мен бірігу бұл идеяны жүзеге асыруды он жылға жеделдетеді», — деді Джейк Пол.

Полдың айтуынша, жаңа ұйым элиталық спортшыларды, спорттық мәдениетті, ойын-сауық индустриясын және әлеуметтік желілердегі ауқымды аудиторияны бір платформаға біріктірмек.

«Мен жаңа компанияны дамытуға толық көңіл бөлуді, боксқа қайта оралуды және MVP MMA-да дебют жасауды жоспарлап отырмын. Қазіргі MVP және PFL спортшыларына айтарым: енді бәрі әлдеқайда ауқымды болады. Ал басқа ұйымдардағы спортшыларға айтарым — келісімшарттарыңыз аяқталған кезде біздің есігіміз ашық. Өзгерістер уақыты келді», — деп қосты Пол.

Айта кетейік, MVP MMA-ның алғашқы турнирі 2026 жылдың мамырында өтіп, Netflix платформасында көрсетілді. Шоудың басты жекпе-жектерінде Ронда Роузи, Джина Карано, Фрэнсис Нганну, Фелипе Линс, Нейт Диас және Майк Перри өнер көрсетті.

Осылайша, MVP мен PFL-дің бірігуінен кейін әлемдік ММА және бокс нарығында UFC секілді жетекші ұйымдарға бәсекелес болуды көздейтін жаңа ірі құрылым пайда болады.