Гүржі файтері танымал стример N3ON-ға берген сұхбатында UFC чемпиондық белбеуді тек алғаш рет чемпион атанған кезде ғана түпнұсқасын табыстайтынын айтты. Ал чемпиондық атақты сәтті қорғаған жағдайда спортшыларға белбеудің көшірмесі беріледі. Түпнұсқа белбеу тек октагонда салтанатты рәсім кезінде және камера алдында қолданылады.

Двалишвилидің айтуынша, чемпиондық белбеудің түпнұсқасы 325 мың АҚШ долларына бағаланады.

«Әр жеңістен кейін саған белбеудің көшірмесін береді. Сенде тек бір ғана түпнұсқа болуы мүмкін, ал чемпиондық атақты сәтті қорғаған сайын оның көшірмесін аласың. Октагонда саған түпнұсқаны табыстайды, бірақ кейін оны көшірмесіне ауыстырады. Өйткені түпнұсқаның құны — 325 мың доллар. Мен үшін бұл белбеудің бағасы жоқ. Оны ешқашан да сатпаймын», — деді Мераб.

Еске салсақ, Двалишвили 2024 жылдың қыркүйегінде америкалық Шон О'Мэллиді жеңіп, UFC чемпионы атанды. Ал 2025 жылы ол үш рет чемпиондық атағын сәтті қорғап, Умар Нурмагомедовты, Шон О'Мэллиді және Кори Сэндхагенді жеңді.

2025 жылдың желтоқсанында гүржі файтері бір күнтізбелік жыл ішінде чемпиондық белбеуді төртінші рет қорғауға шығып, UFC тарихындағы рекордты жаңартуға тырысты. Алайда бұл жолы ол төрешілердің бірауыздан шешімімен ресейлік Петр Янға есе жіберді. Бұған дейін Двалишвили Янды төрешілер шешімімен жеңген болатын.