Жеңіл салмақта жеңіліп көрмеген Усман Нурмагомедов UFC ұйымындағы дебюттік кездесуін Арман Царукянға қарсы өткізуге қарсы емес. Бұл туралы ресейлік файтер Камил Гаджиевке берген сұхбатында мәлімдеді.
Нурмагомедовтың пікірінше, UFC Арман мен қазіргі чемпион Илия Топурия арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыруға мүдделі емес.
«UFC бұл кездесуді ұйымдастыра алады. Өйткені Арман енді кіммен жұдырықтасуы керек? Егер олар Топурияның Арманды жеңетініне 30 пайыз болса да сенімді болғанда, бұл жекпе-жекті баяғыда ұйымдастырар еді. Өйткені Топурия – UFC үшін қомақты табыс әкелетін спортшы. Сондықтан олар оны тәуекелге тігіп, Царукянмен кездестіргісі келмейді.
Пимблетт те олардың сүйіктісі. Дегенмен Усман Нурмагомедовтың UFC-дегі кез келген файтермен кездесуі жақсы өтеді. Ал Арманға қарсы жекпе-жек коммерциялық тұрғыдан да тартымды», – деді Нурмагомедов.
Сонымен қатар, Усман өзінің болашағына қатысты нақты шешім қабылдамағанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі ұйымы PFL спортшыны сақтап қалу үшін UFC ұсынатын қаржыдан бес есе көп төлеуі мүмкін.
«PFL маған UFC-ден бес есе көп ақша ұсына алады. Бірақ әзірге ештеңе айта алмаймын. Менде 90 күндік эксклюзивті келіссөздер кезеңі бар», – деп түсіндірді чемпион.
Айта кетейік, Арман Царукян 19 қыркүйекте өткен UFC 331 турнирінде бразилиялық Маурисио Руффиді бірінші раундта нокаутқа түсіріп, жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуге басты үміткер атанды.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!