1/8 финалда Мерей Базарбаев АҚШ өкілі Люк Лилледальмен кездесті. Америкалық балуан бұл жарысқа U-23 санатындағы қазіргі әлем чемпионы ретінде келген еді. Алайда қазақстандық спортшы қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті. Айта кетейік, Люк Лилледаль 2024 жылы U-20, ал 2022 жылы U-17 санатында әлем чемпионы атанған.
Ширек финалда Мерей Франция балуаны Расул Галбораевты 13:2 есебімен айқын басымдықпен жеңді.
Ал жартылай финалда жапониялық Дайто Кацумамен белдесіп, 7:0 есебімен таза жеңіске жетті. Осылайша, қазақстандық балуан әлем чемпионатының финалына жолдама алды.
Мерей Базарбаев 19 қазан алтын медаль үшін Түркия өкілі Бекир Кесермен күреседі. Айта кетейік, 2022 жылы Мерей 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының финалына дейін жеткен болатын.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен әлем чемпионатында үш жүлде жеңіп алды. Айбек Айтбеков (60 келі) пен Юсуф Ашрапов (72 келі) алтын медаль иеленсе, Темірлан Тұрдақын (87 келі) күміс жүлдеге қол жеткізді.
Енді Қазақстан құрамасының қоржыны еркін күрестен де алтын медальмен толығуы мүмкін.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!