2025 жылдың маусымында Чарльз Оливейра вакантты UFC чемпиондық белбеуі үшін өткен жекпе-жекте Илия Топуриядан жеңіліп қалды. Алайда бір жылдан кейін Топурия Джастин Гэтжиге жол беріп, америкалық файтер жаңа чемпион атанды.

Сонымен қатар Гэтжи мансабын аяқтау мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Егер америкалық спортшы чемпиондық белбеуді босатса, Оливейра титул үшін өзін Арман Царукянмен жұдырықтасуы керек деп есептейді. Дегенмен бразилиялық файтер кейбір жағдайларда Царукяннан бұрын чемпиондық жекпе-жекке шығуы мүмкін екенін де жеткізді.

«Менің ойымша, Арман титул үшін жұдырықтасуға лайық. Бірақ нарықтағы құнымызды салыстыратын болсақ, менікі әлдеқайда жоғары. Сондықтан мен оның алдын орап кете аламын. Әрине, бұл Гэтжи мансабын аяқтамайтын жағдайда ғана болуы мүмкін. Егер ол мансабын аяқтаса, басқа жол жоқ. Чемпиондық белбеу үшін мен Арманмен жұдырықтасуым керек», — деді Оливейра MMA Fighting басылымына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Чарльз Оливейра мен Арман Царукян 2024 жылдың сәуір айында UFC 300 турнирінде кездескен. Сол жекпе-жекте Арман төрешілердің басым көпшілігінің шешімімен жеңіске жеткен.

Оливейра Джастин Гэтжимен де октагонда кездескен. 2022 жылдың мамырында бразилиялық файтер америкалық қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңді. Алайда жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінде жеңіл салмақтың лимитіне сыймағандықтан, чемпиондық белбеуінен айырылған еді.