UFC ұйымының президенті Дана Уайт кәсіпқой мансабында бірде-бір рет жеңілмеген Фарид Башаратпен келісімшартты неге ұзартпағанын түсіндірді.
Уайттың айтуынша, спортшының ұйымнан кетуіне тек жекпе-жектердегі нәтижесі ғана емес, басқа да жағдайлар әсер етуі мүмкін.
«Мұндай жағдайлар файтерлердің келісімшарты аяқталған кезде болып тұрады. Бұл бірінші рет емес. Кейде кейбір спортшылармен жұмыс істеу қиынға соғады, ал матчмейкерлер олармен жұмыс істегісі келмейді. Мүмкін, олар жекпе-жектерден бас тартатын шығар немесе басқа себептері бар болар. Егер сен жеңілмеген болсаң, UFC-де жеті жеңіске жетсең, бірақ ұйым келісімшартыңды ұзартпаса, демек, бұған міндетті түрде бір себеп бар», – деді Дана Уайт.
Дегенмен UFC басшысы Башаратпен келісімшартты ұзартпауға нақты не себеп болғанын ашып айтпады.
Ал Фарид Башарат бұған дейін ұйымның шешіміне көңілі толмайтынын жеткізген. Оның айтуынша, UFC-ден кетуі спорттық қабілетіне байланысты емес. Ол жарақаттарына қарамастан жекпе-жектерге шығып, әрдайым мықты қарсыластармен кездесуге дайын болғанын мәлімдеді.
29 жастағы Фарид Башарат UFC ұйымында 2023 жылдан бері өнер көрсетіп, жеті кездесудің барлығында жеңіске жеткен. Оның біреуі мерзімінен бұрын аяқталған.
Айта кетейік, 2024 жылы осындай жағдай Мұхаммад Мокаевтың да басынан өткен болатын. Ол да UFC-де жеңіліс көрмегеніне қарамастан, ұйым онымен келісімшартты ұзартудан бас тартқан еді.
Қазіргі уақытта Фарид Башарат еркін агент саналады. Оның алдағы мансабын қай ұйымда жалғастыратыны әзірге белгісіз.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!