22 жастағы балуанның RAF лигасында бір жеңіс пен бір жеңілісі бар. Бұл дивизионның рейтингінде бірінші орында Бахрейн өкілі Ахмед Тажудинов тұр. Одан кейін ресейлік Абдулрашид Садулаев, грузиялық Гиви Мачарашвили және америкалық Трент Хидлей орналасқан. Ал дивизионның қазіргі чемпионы — америкалық Кайл Снайдер.

Ризабек Айтмұхан лигадағы дебютін сәуір айында Филадельфияда өткен RAF 08 турнирінде жасады. Алғашқы белдесуінде-ақ қазақстандық балуан чемпиондық белбеу үшін Кайл Снайдермен күресу мүмкіндігіне ие болды.

Айтмұхан белдесуді сәтті бастап, 6:0 есебімен алға шықты. Алайда америкалық балуан кейін тізгінді өз қолына алып, кездесуді 12:6 есебімен аяқтады.

Маусым айында Сент-Луисте өткен RAF 10 турнирінде Ризабек америкалық Хайден Зиллмермен кездесті. Бұл жолы қазақстандық балуан 6:4 есебімен жеңіске жетіп, лигадағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Осылайша, Ризабек Айтмұхан RAF лигасының жартылай ауыр салмақтағы рейтингінде үздік бестікке еніп, америкалық лигадағы өнерін жалғастырып жатыр.