UFC ұйымының аса жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили Петр Янмен үшінші жекпе-жегі қарсаңында қарсыласының арандатуына қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін өткен баспасөз мәслихатында ресейлік файтер Мерабтың сөзін бірнеше рет бөліп, қарсыласына түрлі өткір сөздер айтқан болатын. Алайда әдетте мұндай әрекеттерге бірден жауап қайтаратын Двалишвили бұл жолы сабыр сақтап, көпшілікті таңғалдырды.
Гүржілік спортшы MMA Fighting басылымына берген сұхбатында мұндай өзгерістің себебін түсіндірді.
«Мен Петр Янды өте жақсы білемін. Ол – мықты файтер, бірақ мінезі сондай. Ол әрқашан қарсыласына құрметсіздік танытып, түрлі сөздер айтады. Алайда қазір бұл маған әсер етпейді. Мен адам ретінде де, спортшы ретінде де есейдім. Мен саясаткер емес, файтермін», – деді Двалишвили.
Оның айтуынша, қазір басты мақсаты – қарсыласының сөзіне жауап қайтару емес, жекпе-жекке барынша дайын болу.
«Жылдар өте көп нәрсені түсіндім. Янның айтқандары енді мені мазаламайды. Ең бастысы – салмақ қуу рәсімінен сәтті өтіп, 24 қазанда октагонға шығу. Оның барлық сұрағына сол жерде жауап беремін. Мен жеңемін, содан кейін ол сабасына түседі. Ол мені мазақтап, қалағанын айта берсін», – деп қосты Мераб.
Двалишвили бұған дейін әлеуметтік желідегі сын-пікірлерді жүрегіне жақын қабылдағанын да мойындады. Алайда уақыт өте келе мұндай жағдайларға ашуланудың қажеті жоқ екенін түсінген.
Сонымен қатар гүржілік файтер Петр Янмен өтетін үшінші кездесуді мансабындағы ең маңызды жекпе-жек деп атады.
«Иә, дәл қазір бұл – мансабымдағы ең үлкен жекпе-жек. Мен чемпионмен, өте қауіпті қарсылас Петр Янмен кездесемін. Онымен жұдырықтасу оңай емес. Оның барлық қажетті шеберлігі бар. Жанкүйерлер біздің үшінші айқасымызды күтіп отыр», – деді ол.
Еске салайық, Мераб Двалишвили мен Петр Ян алғаш рет 2023 жылы кездесіп, гүржілік спортшы төрешілер шешімімен жеңіске жеткен болатын. Ал 2025 жылдың желтоқсанында UFC 323 турнирінде Ян қарымта қайтарып, чемпиондық белбеуді иеленді және қарсыласының 14 жекпе-жектен тұратын жеңісті сериясын тоқтатты.
Екі спортшы арасындағы үшінші айқас 24 қазанда Абу-Дабиде өтетін UFC 333 турнирінде ұйымдастырылады. Бұл кездесуде Петр Ян чемпиондық белбеуін қорғайды.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!