UFC чемпионы Ислам Махачев кәсіби мансабын аяқтауға жақын екенін мәлімдеді. Ресейлік файтердің айтуынша, алдағы жекпе-жегі оның мансабындағы соңғы айқастардың бірі болмақ.

«Менің келесі жекпе-жегім мансабымдағы соңғы айқастардың бірі болады. Олар Пратес мен үшін тым қауіпті, ал Моралес мен үшін тым мықты қарсылас деп айтып жүр.

Сондықтан мен олардың ішіндегі ең мықтысымен кездесіп, әлемдегі ең үздік файтер кім екенін тағы бір мәрте бүкіл әлемге дәлелдегім келеді», – деді Махачев.

Еске сала кетейік, Ислам Махачев соңғы жекпе-жегінен кейін қаңтар айында октагонға оралуды жоспарлағанын айтқан болатын. Алайда кейін Ораза айына байланысты бұл жоспарынан бас тартты. Енді ол Карлос Пратес пен Майкл Моралес арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездесуге ниетті.

Махачев биыл 35 жасқа толды. UFC үшін бұл жас мансаптың соңғы кезеңіне жақындағанын білдіруі мүмкін. Әсіресе жеңіл және жартылай орта салмақ дәрежелерінде жылдамдық пен реакцияның маңызы жоғары. Дегенмен Махачевтің қазіргі спорттық деңгейін ескерсек, оның әлі де жоғары деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндігі бар.