Абу-Даби полициясы Яс аралындағы қонақүйлердің бірінің кіреберісінде болған төбелеске қатысты ресми мәлімдеме жасады.

12 қарашада жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқиғаға байланысты барлығы 10 адам ұсталған. Олардың сегізі бұрыннан жалғасып келе жатқан келіспеушіліктер салдарынан туындаған төбелеске қатысқан. Ал тағы екі адам жанжалды видеоға түсіргені үшін ұсталған.

Полиция барлық ұсталған азаматқа қатысты қажетті құқықтық шаралар қабылданып, істері прокуратураға жолданғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қатер төндіретін кез келген әрекетке қатаң шара қолданылатынын ескертті.

Айта кетейік, полиция ресми мәлімдемесінде ұсталғандардың аты-жөнін жариялаған жоқ.

БАӘ заңнамасына сәйкес, оқиғаны видеоға түсірген азаматтардың әрекеті жеке өмірге қол сұғуға қатысты заң талаптары аясында қарастырылуы мүмкін.

Атап айтқанда, БАӘ-нің киберқылмыс туралы федералдық заңындағы 44-бап бойынша белгілі бір жағдайларда кемінде алты айға бас бостандығынан айыру, 150 мыңнан 500 мың дирхамға дейін айыппұл салу немесе екі жазаны қатар қолдану қарастырылған.

Алайда аталған баптың ұсталған екі азаматқа қолданылатыны әзірге ресми түрде расталған жоқ.