Жекпе-жек өте тартысты өтті. Бұған дейін жеңіліп көрмеген Хокит алғашқы секундтардан бастап күреске басымдық берді. Ол чемпионды партерге түсіргенімен, Ган тез арада аяққа тұрып, қарсыласын джеб және апперкот арқылы қарсы ала бастады.

Америкалық файтер үнемі алға ұмтылып, клинчте қысым көрсетіп, шынтақпен соққылар жасады. Екінші және үшінші раундтарда Хокиттің қарқыны нәтижесін берді. Ол французға айтарлықтай қиындық туғызып, CBS Sports сарапшыларының бағалауынша, осы екі раундта басым түсті.

Алайда төртінші раундта жекпе-жек өрнегі өзгерді. Хокиттің соққылары әлсіреп, жылдамдығы төмендей бастады. Ал Ган керісінше, қарқынын арттырды. Франциялық спортшы қысқа апперкоттар мен денеге бағытталған тізе соққыларын жиі дарытып, тізгінді өз қолына алды.

Бесінші раундта америкалықтың сол көзінде жарақат пайда болды. Ган шабуылын жалғастырып, қарсыласының күреске өту әрекеттерін сәтті тоқтата алды. Нәтижесінде үш төреші де жеңісті чемпионға берді — 48:47.

Бұл — Сирил Ганның толыққанды чемпиондық белбеуін алғашқы рет қорғауы. Франциялық файтер Том Аспиналл UFC 321 турнирінде Ганмен жекпе-жек кезінде көзінен жарақат алып, белбеуден бас тартқаннан кейін чемпион атанған еді. Ал Джош Хокит кәсіби мансабындағы алғашқы жеңіліске ұшырады.

Харрисон Нуньесті мерзімінен бұрын жеңді

Кештің ко-мейн ивентінде жекпе-жегінде UFC-дің әйелдер арасындағы аса жеңіл салмақтағы чемпионы Кайла Харрисон бұрынғы екі дивизион чемпионы Аманда Нуньеспен кездесті.

Харрисон қарсыласын төртінші раундта мерзімінен бұрын жеңді. Ол Нуньестің арқасына шығып, қылқындыру әдісін жасады. Нәтижесінде бразилиялық спортшы 4-раундтың 1 минут 29 секундында берілді. Осылайша Харрисон чемпиондық белбеуін сақтап қалды.

UFC 334 турнирінің басқа нәтижелері

Кештің өзге жекпе-жектерінде бразилиялық Кайо Борральо Юсри Белгаруиді төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді. Үш төрешінің де қорытындысы — 30:27.

Сербиялық Урош Медич пен америкалық Кевин Холланд арасындағы кездесу тең аяқталды. Бір төреші 29:27 есебімен Медичтің пайдасына шешім шығарса, қалған екеуі 28:28 нәтижесін тіркеді. Екінші раундта қарсыласын белден төмен тепкені үшін Медичтен бір ұпай шегерілді.

UFC ардагері Стивен Томпсон мансабындағы соңғы жекпе-жегін өткізіп, Чарльз Радткені үшінші раундта нокаутқа түсірді. Ол қарсыласын айналып тебу әдісімен 2 минут 54 секундта тоқтатты.

Ал таразыдан өте алмаған Терренс Маккинни тәжірибелі Джим Миллерді техникалық нокаутпен жеңді. Жекпе-жек бірінші раундтың 1 минут 53 секундында аяқталды. Кездесуден кейін Маккинни енді жартылай орта салмақ дәрежесінде өнер көрсетуді жоспарлап отырғаны белгілі болды.