Бұл туралы Шавкаттың бапкері, DAR Team командасының жетекшісі Эдуард Базров мәлімдеді. Оның айтуынша, қазақстандық спортшының жарақатынан кейінгі қалпына келу процесінде әлі де қиындықтар бар.

«Шавкатқа келетін болсақ, оның оралуы келесі жылға жоспарланып отыр. Наурыз–сәуір айларында оралуы мүмкін, бірақ бұл нақты емес. Қалпына келу барысында біраз мәселелер бар. Қайталап айтамын, ең бастысы – денсаулық. Адамның толыққанды өмір сүре алуы маңызды.

Оның жекпе-жекке оралуға деген ниеті де, мүмкіндігі де бар. Біз жарақаттың толық жазылуын күтіп отырмыз. Шавкат толыққанды оқу-жаттығу жиындарына қатысып, физикалық жүктеме алып, күресіп, спарринг өткізе алуы керек. Толық қалпына келгеннен кейін ғана нақты мерзімдер туралы айтуға болады», – деді Базров Sportilinet.kz басылымына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың 7 желтоқсанында UFC 310 турнирінде өткізді. Ол ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген болатын.

Осы кездесуден кейін қазақстандық файтер тізесіне екі рет ота жасатты. Егер Рахмонов 2027 жылдың наурыз–сәуір айларында октагонға оралса, оның жекпе-жектерден тыс қалған уақыты екі жарым жылға жуықтайды.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақтағы басты үміткерлерінің бірі саналады. Енді оның октагонға оралуы денсаулығының толық қалпына келуіне байланысты болмақ.