MMA Fighting басылымының хабарлауынша, Джон Митчелл мен Шоайб Юсаф UFC-мен келісімшартқа қол қойып, сенбі күні жеңіл салмақта өзара жұдырықтасады. Бұл ақпаратты алғаш болып журналис Марсель Дорфф жариялады.
31 жастағы ирландиялық Джон Митчеллдің (11-3) Cage Warriors және UAE Warriors ұйымдарында өнер көрсету тәжірибесі бар. Сондай-ақ ол PFL аясында бес жекпе-жек өткізген.
Митчелл соңғы рет 2025 жылы PFL Champions Series 2 турнирінде өнер көрсетіп, Маккашарип Зайнудиновке төрешілер шешімімен жол берген. Кейін шілде айында Cage Conflict 18 турнирінде нокаутпен жеңіске жетті.
Оның қарсыласы Шоайб Юсаф (14-3) – IMMAF нұсқасы бойынша әуесқойлар арасында әлем чемпионы. 31 жастағы британдық спортшы бұған дейін Brave CF, ACB және Oktagon ұйымдарында жұдырықтасқан. Ол соңғы жекпе-жегін қыркүйек айында FCC 47 турнирінде өткізіп, Тариэль Аббасовты мерзімінен бұрын жеңді.
UFC Qatar турнирінде екі қазақстандық өнер көрсетеді
Катардағы турнир қазақстандық жанкүйерлер үшін де ерекше қызығушылық тудырып отыр. Себебі бұл кеште еліміздің екі өкілі – Асу Алмабаев пен Дияр Нұрғожай октагонға шығады.
Ең жеңіл салмақта өнер көрсететін Асу Алмабаев жапониялық тәжірибелі файтер Киоджи Хоригучимен кездеседі. Бұл қазақстандық спортшы үшін аса маңызды жекпе-жектердің бірі болмақ.
Ал жартылай ауыр салмақтағы Дияр Нұрғожай америкалық Алик Лоуренспен күш сынасады.
UFC Qatar турнирі сенбі күні Эр-Райян қаласындағы Ali Bin Hamad al-Attiyah Arena аренасында өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде жартылай ауыр салмақта бұрынғы чемпион Иржи Прохазка мен Наваджо Стирлинг кездеседі.
Осылайша, UFC Qatar турнирінде қазақстандық жанкүйерлер бір кеште Асу Алмабаев пен Дияр Нұрғожайдың өнерін тамашалай алады.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!