Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасовтың арнайы шақыруымен келген қонақтарға елордамызда салынып жатқан Қазақстан күрес академиясы таныстырылды. Академияда грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресінен бөлек, жағажай күресінің балуандары да жаттығып, халықаралық додаларға дайындықтарын пысықтай алады. Бұдан бөлек, Академия аясында медициналық және спорттық-ғылыми лабаротиялар да ашу көзделген.
Сонымен қатар, Қазақстан күрес федерациясы жаңа кеңсесінің ресми ашылу салтанаты өтті. Салтанатты рәсімде лента қию құрметі Федерация президенті Еркін Оқасов пен Ненад Лалович мырзаларға бұйырды.
Жаңа кеңсе әкімшілік орталық қана емес, сондай-ақ, ұлттық спорттың рухын дәріптейтін ерекше кеңістік ретінде жасақталған. Кеңсе құрамында Қазақстан күресінің бай тарихына арналған арнайы Даңқ залы ашылды.
Мұнда Олимпиада және әлем чемпионаттарында атой салған қазақ балуандарының тарихи жетістіктерін бейнелейтін бірегей жәдігерлер қойылған. Атап айтқанда, чемпиондардың медальдары, белбеулері, жарыс формалары, фотосуреттері мен жеке архивтік материалдары келушілер назарына ұсынылған.
Сапардың негізгі нәтижелерінің бірі – Қазақстанда күрес спортын жүйелі түрде дамытуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойылуы болды. Атап айтқанда, Күрес академиясы United World Wrestling аясында жұмыс істеп, әлем балуандарының орталығына айналуы тиіс.
Өз кезегінде халықаралық ұйым басшылары Қазақстанның күрес спортын дамыту қарқынына жоғары баға беріп, алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін жеткізді.
Ақпарат көзі: Қазақстан күрес федерациясы
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!