Қазақстандық ММА файтері Асу Алмабаев өзінің қандай кітаптар оқитынын және қандай тақырыптарға қызығатынын айтып берді.
Спортшының сөзінше, соңғы уақытта ол тарихқа ерекше көңіл бөліп жүр.
«Тарих мені қатты қызықтырады. Жошыны бітірдік, Алтын Орданы да оқып шықтым. Қазір “Көшпенділерді” оқып жатырмын. Маған өзіміздің тарихымыз қызық. Біз ата-бабамызбен мақтанамыз ғой», — деді Алмабаев.
Ол тарихи еңбектердегі деректердің барлығы бірдей нақты болмауы мүмкін екенін айтса да, оқиғалардың өрбуі мен тұлғалардың тағдыры оны ерекше қызықтыратынын жеткізді.
«Ол жерде бәрі жүз пайыз ақиқат деп айта алмаймын. Бірақ кімнен кейін кім келгені, оқиғалардың қалай өрбігені -өте қызық. Мен соған кәдімгідей кіріп кетемін», - деді ол.
Сондай-ақ файтер достарымен бірге тарихи тұлғаларды жиі талқылайтынын айтты.
«Балалармен шай ішкен сайын әр батырды талқылаймыз. Сол кездегі адамдардың ержүректігі, өлімнен қорықпауы таңғалдырады. Мысалы, Өзбек хандар 25 жасында жарты әлемді басқарған», — деді Алмабаев.
Оның айтуынша, мұндай салыстырулар адамға үлкен ой салады.
«Қазір бізді батыр деп төрге шығарып жатады.Бірақ ол кездегі батырлардың қасында шәй құйып жүрген адамдар сияқты болып қаласың», — деді спортшы.
Сонымен қатар ол Бауыржан Момышұлы сынды тұлғалар туралы оқуды ұнататынын айтты.
«Осындай кемел адамдардың өмірін, өздерін қалай ұстағанын оқу маған қатты ұнайды», — деп қорытындылады Алмабаев.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!