Бұл турнир Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі болды. Бапкерлер штабы ұлттық құрамаға үміткер спортшылардың мүмкіндіктерін бағалау мақсатында бірнеше боксшыны жаңа салмақ дәрежелерінде сынап көрді. Олардың қатарында Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Лаура Есенгелді, Наталья Богданова және Валерия Аксенова бар.
Эксперименттердің барлығы бірдей жүлдеге ұласқан жоқ. Дегенмен мамандар спортшылардың жаңа салмақтағы әлеуеті туралы маңызды ақпарат алды. Әсіресе Сабыржан Аққалықов 80 келіге дейінгі салмақта өзін жақсы қырынан көрсетіп, жоғары қарқын мен шабуыл стилін сақтай алғанын көрсетті.
Әлем кубогы кезеңінің жеңімпаздары атанғандар: Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Абылайхан Жүсіпов (70 келіге дейін), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Назым Қызайбай (54 келіге дейін) және Виктория Графеева (60 келіге дейін).
Ал Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Валерия Аксенова (80 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) қола жүлдеге қол жеткізді.
Турнирдің ең жарқын жеңістерінің біріне Виктория Графееваның финалдағы өнерін жатқызуға болады. Қазақстандық былғары қолғап шебері шешуші кездесуде Олимпиада чемпионы Линь Юйтинді жеңіп, жоғары деңгейдегі дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы бес алтын және үш қола медальмен екінші орын алды. Бірінші орын Қытай құрамасына бұйырса, үздік үштікті Өзбекстан құрамасы түйіндеді.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!