Ол мұндай шешім қабылдауға мәжбүр болғанын айтып, бұған Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы тарапынан жасалып жатқан қысым мен әділетсіздік себеп болғанын мәлімдеді.

Назарғалидің сөзінше, федерация тарапынан боксшылардың құқықғы бұзылып, лицензиядан айыру, санкция бермеу, түрлі кедергілер жасаумен қатар көреалмаушылық пен негізсіз айып тағу да бар.

«Кәсіпқой бокстағы мансабыма уақытша "қош бол" деуге тура кеп тұр. Себеп көп, кетуге мәжбүрміз! Кетпеске мұрша бермей жатыр», – деп жазды ол.

Сонымен қатар, менеджер қорқыту мен қысым көрсету арқылы мәселені шешу мүмкін емес екенін айтып, уақыт өте келе шындықтың ашылатынына сенім білдірді.

«Қорқыту мен үркіту, айдап салу арқылы ештеңе шеше алмайсыздар. Бар шындық бір күні бәрібір айтылады. Бәрінің де маскалары шешіледі. Ол күн де алыс емес деп сенем. Кресло мен билік мәңгілік емес», – деді Назарғали.

Әзірге Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы бұл мәлімдемеге қатысты ресми пікір білдірген жоқ.