Қазақстандық боксшының сөзінше, 2016 жылғы Олимпиадада алтын медаль жеңіп алғаннан кейін оған екінші Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік берілмеген. Алайда Елеусинов бұған кімдердің нақты кедергі болғанын ашып айтпады.

Спортшы әсіресе 2024 жылғы Париж Олимпиадасына қатысу мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп оның Олимпиадаға қатысу идеясын қолдаған. Алайда басқа адамдар бұған қарсы болған.

«Барлығы менен Токиоға, Парижге неге бармағанымды сұрайды. Себебі Токиода мені ешкім көргісі келмеді. Ал Парижде мені көргісі келді. Бірақ Парижге баруыма мүмкіндік бермеді. Шахмұрат Муталип менің қатысқанымды қалады, алайда басқа адамдар оған кедергі жасады», — деді Елеусинов.

Боксшы сонымен қатар Олимпиада лицензиясын иеленген спортшылардың бірі алғашқы жекпе-жегінде-ақ жеңіліп қалғанын атап өтті. Оның пікірінше, өзі Париж Олимпиадасына қатысқанда, Қазақстан құрамасына екінші рет Олимпиада чемпионы атану мүмкіндігі жоғары болатын.

«Міне, лицензия алған адам алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды. Ал мен екі дүркін Олимпиада чемпионы атана алар едім. Кейбір адамдар бұған мүдделі болды, бірақ кейбіреулер мұны қаламады. Бар жауап осы», — деді спортшы.

Айта кетейік, Данияр Елеусинов 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алған. 2018 жылы кәсіпқой боксқа ауысты. Алайда 2021 жылдан бері оның кәсіби мансабында ұзақ үзіліс болды. Осы кезеңде ол небәрі үш жекпе-жек өткізді.