Бұған дейін WBO Жәнібек Әлімханұлын Шираздың титулына міндетті үміткер ретінде бекіткен болатын. Тараптарға келіссөз жүргізу үшін 20 күн уақыт берілді. Белгіленген мерзім 3 қыркүйекте аяқталады.
Шираз WBO шешіміне наразылығын білдіріп, өткен жылы Әлімханұлының мельдонийге оң допинг-тест нәтижесіне байланысты дисквалификацияға ұшырағанын еске салды. Британ боксшының айтуынша, егер жағдай тығырыққа тірелсе, оның командасы чемпиондық белбеуді босату жолдарын қарастыруы мүмкін.
«Бұл мәселені командаммен талқылауым керек. Олардың жасағаны сені тығырыққа тірейді. Ақыр соңында сен де олар сияқты ойлай бастайсың. Егер мен осындай шешім қабылдасам, бұған толықтай хақым бар. Мен үнемі мораль туралы айтамын. Барлығы адал спортшы болуға, әділ спортшыларды қолдайтын және осы ұстанымына адал адам болуға келіп тіреледі», — деді Шираз Ариэль Хельваниге берген сұхбатында.
Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз арасындағы жекпе-жектің тағдыры әзірге белгісіз болып отыр. Егер Шираз титулдан бас тартса, WBO-ның екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеуі бос қалуы мүмкін.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы осы жазда екінші орта салмаққа ауысатынын жариялаған еді. Бұған дейін қазақстандық боксшы орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!