Бұған дейін WBO Жәнібек Әлімханұлын Хамза Ширазға тиесілі чемпиондық белбеуге міндетті үміткер ретінде бекіткен еді. Алайда британдық боксшы бұл шешімді қатаң сынға алып, оны жемқорлықпен және жеке байланыстармен ұштастырады. Шираз сонымен қатар Әлімханұлының өткен жылы мельдонийге оң допинг-тест тапсырғанын және дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін бірден міндетті үміткер мәртебесін алғанын атап өтті.
Густаво Оливьери бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды.
«Мен бұл мәлімдемелермен, әсіресе жемқорлық, не болмаса жеке қарым-қатынастарға негізделген шешімдер туралы айтылған сөздермен мүлдем келіспеймін», — деді WBO басшысы.
Оливьери Жәнібекке қатысты жағдайдың допинг қолданғаны үшін жазаланған басқа боксшылардың оқиғаларынан ерекшеленетінін атап өтті.
«Біріншіден, Жәнібек допинг қолданды деген айыптаудан кейін рингке шыққан жоқ. Жекпе-жек өтпеді. Екіншіден, бұл Жәнібектің алғашқы тәртіп бұзушылығы болды», — деді ол.
WBO президенті ұйымның ережелері өз нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған боксшыларға басқа салмақ дәрежесіне ауысқан жағдайда рейтингте жоғары орын алуға мүмкіндік беретінін де түсіндірді.
Сонымен қатар Оливьери Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтағы жетістіктері оған титулды жекпе-жекке шығуға жеткілікті негіз береді деп санайды. Оның пікірінше, қазақстандық боксшының жетістіктері бұрынғы әлем чемпионы Уильям Скуллды жеңгеннен кейін титулды жекпе жекке үміт артқан 25 жастағы дат боксшысы Якоб Банктың нәтижелерінен жоғары.
Осылайша, WBO басшысы ұйымның Жәнібек Әлімханұлын міндетті үміткер ретінде тағайындау туралы шешімін қорғап, Хамза Шираздың жемқорлыққа қатысты айыптауларын жоққа шығарды.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!