Бұған дейін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Ширазға чемпиондық белбеуін міндетті түрде Әлімханұлына қарсы қорғауды тапсырған еді. Бастапқыда міндетті үміткер ретінде басқа боксшы қарастырылғанымен, ұйым қазақстандық боксшыға бірден чемпиондық жекпе-жек өткізу мүмкіндігін берді.

WBO екі тарапқа келісімге келу үшін уақыт берген, кейін белгіленген мерзімді тағы ұзартқан. Алайда Жәнібек Әлімханұлының мүддесін қорғайтын Top Rank пен Хамза Шираздың промоутері Queensberry ортақ мәмілеге келе алмады.

WBO президенті Густаво Оливьери екі боксшының промоутерлері белгіленген мерзім ішінде келісім жасай алмағанын ресми түрде растады.

Енді мәселе былай шешіледі. 16 қыркүйекте WBO-ның Пуэрто-Рикодағы Сан-Хуан қаласында орналасқан штаб-пәтерінде промоутерлік сауда өтеді.

Ең жоғары соманы ұсынған промоутерлік компания чемпиондық жекпе-жекті өткізу құқығына ие болады. Ал жеңімпаз компания ұсынған сома кездесудің жүлде қорын анықтайды.

Сонымен қатар Хамза Шираздың титулын қорғауға келісетіні не келіспейіні әзірге белгісіз. Бұған дейін британдық чемпион WBO-ның Әлімханұлын міндетті қарсылас ретінде таңдаған шешімін қатаң сынға алып, ұйымның әрекетінде жасырын мүдде бар екенін айтып, тіпті жемқорлық туралы мәлімдеген болатын.

Шираздың басты наразылығы — Әлімханұлының Эрисланди Ларамен жоспарланған біріктіру жекпе-жегі допинг-тестінің оң нәтижесіне байланысты өтпей қалғаннан кейін жаза тартудың орнына, бірден чемпиондық жекпе-жекке мүмкіндік алғаны.

Енді 16 қыркүйек промоутерлік сауда осы көптен күткен жекпе-жектің тағдырын анықтайтын маңызды қадам болмақ.