Бенавидестің сөзінше, ол әуесқой бокста небәрі 15 жекпе-жек өткізген. Алайда жасөспірім кезінен бастап әлем чемпиондарымен спарринг жасап, сол арқылы тәжірибе жинаған.
«Менің әуесқой бокста бар болғаны 15 жекпе-жегім бар тұғын. Бірақ 14 жасымнан бастап әлем чемпиондарымен спарринг жасадым. Негізінде, менің әуесқой бокстағы мансабым осындай болды», — деді Бенавидес.
Америкалық боксшы оның қалыптасуына Головкинмен өткізген жаттығулардың айрықша әсер еткенін атап өтті.
«Геннадий Головкинге көп алғыс айтамын. Онымен өткізген спаррингтердің арқасында бүгінгі деңгейіме жеттім. Бұл жай ғана спарринг болған жоқ, шынайы жекпе-жек сияқты өтетін. Ол мені бар күшімді салуға мәжбүрлейтін. Ол соққыларын толық күшпен жасағандықтан, мен қорғанудың және оның соққыларынан қашудың түрлі тәсілдерін іздеуге мәжбүр болдым», — деді ол.
Бенавидестің айтуынша, Головкинмен жұмыс істеу оның бокс IQ-ын арттырып, рингте лезде шешім қабылдау қабілетін жақсартқан.
«Оның арқасында көп нәрсе үйрендім және рингтегі ойлау қабілетімді арттырдым. Онымен бір рингте болудың өзі маған көп нәрсе үйретті. Бүгінгі боксшы ретінде қалыптасуыма біздің спаррингтеріміздің әсері өте зор», — деп қосты америкалық.
Бенавидес Головкинмен 15 пен 19 жас аралығында спарринг жасағанын айтты. Олардың соңғы бірлескен жаттығуы Головкиннің Дэниэл Джейкобсқа қарсы жекпе-жегіне дайындық кезінде өткен.
«Мен бұл адамнан өте көп нәрсе үйрендім. Геннадий Головкиннің алдында басымды иемін. Ол рингте де, оның сыртында да керемет адам әрі ұлы чемпион. Мен оның алдында қарыздармын», — деді Бенавидес.
Еске салайық, Дэвид Бенавидес өзінің соңғы жекпе-жегін биыл мамыр айында өткізген. Ол мексикалық Хильберто Рамиресті нокаутпен жеңіп, бірінші ауыр салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!