Нұрсұлтановтың рингке шықпағанына үш жылға жуық уақыт болды. Боксшы соңғы жекпе-жегін 2023 жылдың 17 қарашасында өткізіп, Чили өкілі Хулио Аламосты жеңген еді.

Ұзақ уақыт бойы жекпе-жек өткізбегеніне қарамастан, Нұрсұлтанов бұл кезеңді алдағы мүмкіндігіне дайындықпен өткізгенін айтты.

— Сенің рингке шықпағаныңа үш жылға жуық уақыт болды. Осы үзіліс кезінде немен айналыстың және алдағы жекпе-жекке қаншалықты дайынсың?

— Мен үш жыл дайындалдым. Дәл осы мүмкіндікті күттім. Білесіздер ме, өткен үш жыл мені алаңдатпайды. Мен дайынмын. Қазір толық дайынмын және жеңіске деген құштарлығым өте зор. Барлығын сенбі күні көрсетемін. Осы сенбі Қазақстанның бокс мектебін көрсетемін.

— Ұзақ үзіліске қарамастан, қазір мансабыңдағы ең үздік бабынмдамын деп айта аласың ба?

— Иә. Қазір мен 100 пайыз дайынмын.

Нұрсұлтанов бұл жекпе-жекке дайындық барысында танымал бапкер Джулиан Чуамен бірге жұмыс істеді. Ал жекпе-жек кезінде оның бұрышында Brickhouse Boxing командасының мамандары жұмыс істейді.

— Джулиан Чуа және Brickhouse Boxing командасымен жұмысың қалай өтті? Бұл дайындық саған пайдасын тигізді ме?

— Барлығы керемет. Біз бірге жұмыс істейміз, сөйлесеміз. Біздің жоспарымыз бар, сол жоспарды орындап жатырмыз.

Мейірім Нұрсұлтанов — Хесус Рамос жекпе-жегі 19 қыркүйек АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтеді. Бұл жекпе-жек туралы ресми түрде 6 тамыз хабарланған болатын.

Жекпе-жекте WBC ұйымының орта салмақтағы уақытша чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Дүниежүзілік бокс кеңесінің шешіміне сәйкес, бұл кездесудің жеңімпазы толыққанды әлем чемпионы атағына міндетті үміткер атанады.

Қазіргі таңда WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы толыққанды әлем чемпионы — Доминикан Республикасының өкілі Карлос Адамес.