Заурбектің қарсыласы жергілікті боксшы Джексон Ингленд (19-3, 10 КО) болды. Бұл жекпе-жекте IBF нұсқасы бойынша екінші жеңіл салмақта әлем чемпионы атағына міндетті үміткер анықталды.

Жекпе-жек барысында Сұлтан Заурбек белсенді әрекет етіп, қарсыласына қысым көрсеткен болатын. Төртінші раундта қазақстандық боксшы Инглендті нокдаунға түсірді.

Алайда жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталған жоқ. 12 раунд толық өтіп, төрешілердің бірауызды шешімімен Сұлтан Заурбек жеңіске жетті.

Осылайша, Заурбек кәсіпқой бокстағы 21-жеңісіне қол жеткізіп, жеңіліссіз рекордын сақтап қалды. Ал Джексон Ингленд мансабындағы төртінші жеңілісіне ұшырады.

Бұл жеңістен кейін Сұлтан Заурбек IBF әлем чемпионы атағына таласуға мүмкіндік алды. Енді қазақстандық боксшы ұйымның екінші жеңіл салмақтағы чемпионымен жұдырықтасуы тиіс.

Қазіргі таңда IBF белбеуінің иегері — мексикалық Эмануэль Наваррете (40-2-1, 33 КО).

Сұлтан Заурбек үшін бұл жекпе-жек әлем чемпионы атағын жеңіп алуға жасалған маңызды қадам болды.